Соңғы 10 күнде республикада КВИ жұқтырған 15 156 адам тіркелді
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл шаралары бойынша кеңес өтті. Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды және вакцинация туралы баяндады, сондай-ақ Қазақстандағы пандемияға қатысты үш болжам айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемде Covid-19 ауруы мен өлім-жітім бойынша жағдай шиеленісе түсуде. Бүгінде әлемнің 221 елінде 129 млн астам КВИ жағдайы тіркелген, аурушаңдықтың өсуі – 0,5. 2,8 млн. астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,2% құрады. 2021 жылдың қаңтарында сырқаттанушылықтың жалпы әлемдік статистикасы аздап төмендегеннен кейін, ақпан айынан бастап тұрақты өсу үрдісі байқалды.
«Жалпы республика бойынша биыл наурыз-сәуір айларында аурудың нақты болжамы тура келді. Соңғы 10 күнде республикада КВИ жұқтырған 15 156 адам тіркелді, наурыздың басымен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 2,0 есе өсті, әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облысында науқас саны көп», - деді А.Цой.
1 сәуірдегі жағдай бойынша КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республикада 25 893 төсек-орын бар, 258 инфекциялық стационар тартылған. Оның 33% пациент жатыр. Реанимациялық төсек-орын саны - 2394, бұлтжалпы орынның 20%-ы.
«Наурызда да өлім-жітімнің өсуі байқалады, КВИ-ден 288 науқас қайтыс болды, оның ішінде соңғы 2 аптада өлім-жітім 2,7 есе өсті. Наурыз айындағы өлім-жітімнің 74% 4 өңірде - Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында болған», - деп хабарлады министр.
Өңірлерде инфекциялық орын резерві 51 мың төсекті құрайды, жұмыс істеп тұрған инфекциялық стационарлардың жүктемесі 70% жеткен кезде резервтік объектілер тартылатын болады, бұл ретте жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсету жалғасады.
Министрлік өңірдегі әрбір медициналық ұйымдағы төсек қорының пайдаланылуын мониторинг жүргізудің электрондық жүйесін әзірледі, бұл қосымша стационарлардың уақтылы әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, КВИ-ге тестілеу зертханаларының қуатын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда.
Бүгінде КВИ тестілеуді 154 зертхана жүзеге асырады, тестілеудің жалпы қуаты тәулігіне 112 мың тестті құрайды. Барлық зертханалар, соның ішінде жеке зертханалар біріктірілді, бұл Covid-19 үшін ПТР тестілеу нәтижелерінің бірыңғай дерекқорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. А.Цой вирустың таралу жылдамдығы вирус геномындағы өзгерістермен байланысты екенін айтты.
Жаңа мутацияларды анықтау мақсатында біз тұрақты негізде республика аумағындағы КВИ штаммдарына генетикалық зерттеу жүргіземіз. Наурызда 265 генотип зерттелді, оның 12 үлгісінде британдықтарға тиесілі вирус анықталды, оның 8-і импортталған. Бұл штаммның айналымы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Ақтөбе облысында анықталды. Сондай-ақ, Алматы қаласында «Оңтүстік Африка» штаммының айналымы белгіленген. Сонымен қатар, наурыз айынан бастап бүкіл әлемде үш штамның ықтимал мутациясын анықтаудың экспресс әдісі жүргізілуде.
357 үлгі зерттелді, оның ішінде 13 өңірдің 87 сынамасында «Британдық» және «Оңтүстік африкалық» штаммдарға тән ықтимал мутация анықталды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация алдымен КВИ-мен күресіп жүрген мамандарға салынды. Бұл тактика әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. 2 ай өткен соң, КВИ-ге қарсы вакцинация өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті, сондай-ақ халық арасында сенімді арттырды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 300 мың азаматқа вакцинацияның қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Сәуір айының ішінде ресейлік вакцинаның қосымша 2 млн. астам дозасынан жеткізу жоспарлануда. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандықты вакцинациялау жоспарланған», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде барлық ниет білдірушілерге вакцинацияның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Министр сондай-ақ, Қазақстанда ауқымды вакцинация жүргізу тәжірибесі бар екенін атап өтті. Бұған дейін елде бір айда 2 миллионнан астам азамат тұмауға қарсы вакцинацияланды.
Ел аумағында анықталған мутацияланған штаммдарды ескере отырып, біз эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жаңарттық. Осылайша, пессимистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 370 мың адамды құрайды, ауруханаға жатқызу 190 мың адамды қажет етеді.
Екінші реалистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 250 мың адамды құрайды, ауруханаға жатқызуға 127 мың адам қажет болады.
Оптимистік сценарий бойынша, 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 140 мың адамды құрайды, ауруханаға жатқызуға 71 мың адам қажет болады.
«Министрлік елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізеді, соның негізінде медициналық ұйымдардың коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуіне дайындығын арттыру бойынша шаралар қабылданады. Денсаулық сақтау жүйесі эпидемияның сценарийі бойынша жүктемені жеңе алады. Осыған байланысты шектеу шаралары жергілікті және елдік деңгейде де, өңірлік деңгейде де сараланған түрде қабылданады», - деді Министр.
Оның пікірінше, вакцинация қарқынын арттыру шектеу шараларын азайтуға және пандемияға дейінгі кезеңдегі қоғамға оралуға мүмкіндік береді.