Әзірге қанша адамның зардап шеккені белгісіз
Батыс Қазақстан облысының Дариян аулындағы «Қазпошта» бөлімшесінде тағы 33 миллион теңге ұрланды. Бұл туралы облыстың экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жеке серіктестік аударған қаржының бір бөлігі поштада қолды болыпты. Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл бап бойынша бөтеннің мүлкін иемденген күдіктіге қомақты айыппұл салу немесе дүние-мүлкін тәркілеп, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тергелу жұмыстарына байланысты өзге де ақпарат жариялануға жатпайды.
Осыған дейін Дариян ауылы тұрғындарының жиған-терген ақшасын пошта қызметкерлері жымқырғанын хабарлаған едік. Ақшасынан айрылғандардың ішінде зейнеткерлер мен жергілікті шіркеу қызметкері де бар. Әзірге қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Ал «Қазпоштаның» облыстық филиалының өкілдері егер тұрғындардың жапа шеккені дәлелденсе, ұрланған ақшасын толығымен қайтарамыз деп отыр.