Бүгінгі таңда инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған
Елорда дәрігерлері мен медициналық персонал қайта екі еселенген жүктемемен жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифнгте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.
Басқарма басшысы қажет болған жағдайда жұқпалы аурулар ауруханаларына кадрлық резервтегі мамандар жұмыс істеуге тартылатындығын хабарлады.
«Бүгінгі күні КВИ-ға қарсы күресте 11 аурухана, оның 10-ы жұқпалы, 1-і карантиндік ретінде тартылып, қызмет етіп келеді. Үш медициналық ұйымдарда қосымша 300 инфекциялық төсек-орын орнататын боламыз. Жұмылдырып отырған ауруханалар өзге де аурулармен науқастарға медициналық көмек көрсететінін атап өтемін, яғни науқастар бұрынғыдай жоспарлы түрде, шұғыл түрде де ем қабылдайды», - деді Тимур Мұратов.
Брифинг барысында Мұратов коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмысына да тоқталып өтті.
«Бүгінде бірінші компонент бойынша 10 861 адам вакцинациядан өтті, екінші компонент 3 024 адамға салынды. Оның ішінде медициналық қызметкер 4 836, мұғалімдер – 1 945, созылмалы аурулары бар адамдар – 1 071, құқық қорғау органдарының қызметкерлері – 1 207, басқа топтағылар – 1 802», - деді басқарма басшысы.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан