Елорданың мейрамханалары, барлары және дәмханалары жаңа жұмыс режиміне көшеді

Автор: Azattyq Rýhy

Қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды

Фото: ашық дереккөзден

Елордада карантиндік шектеулерді қатайту туралы жаңа қаулыға қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қол қойды. Қоғамдық тамақтану объектілеріне демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Қол қойылған құжатқа сәйкес елорданың мейрамханалары, кафелері, барлары және асханалары жұмыс күндері таңғы 7-ден кешкі 22-ге дейін жұмыс істей алады. Демалыс күндері келушілерді қабылдауға тыйым салынады.

«Қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) орналасқан жеріне қарамастан, ғимараттардың ішінде толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын шарттарды сақтаған жағдайда, бір үстелде 4-6 адамнан аспайтын отыру мен көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, тамақты жеткізу және шығару қызметін қоспағанда жұмыс күндері жұмыс кестесін сағат 7:00-ден 22:00-ге дейін және демалыс күндері жұмысына тыйым салумен ұйымдастыру», - делінген елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысында.

Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), мерекелік корпоративтер мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатаң тыйым салынады.

Жаңа қаулы 2021 жылғы 30 наурызда күшіне енеді.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» орналасқан. Күн сайын қалада коронавирустық инфекцияның 300-ден астам жаңа жағдайы анықталады. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан КВИ ауруының өсуіне жол бермеу үшін санитарлық нормалар мен карантиндік режим талаптарын қатаң сақтау талап етіледі.