Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді
Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық белсенді жүргізілуде. Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды алдын алу бойынша 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарда ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың барлық кешені қарастырылған, деп хабарлады облыстық ТЖД ТЖ алдын алу бөлімі.
3 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің облыстық аумақтық кіші жүйесі күнделікті қызмет режимінен ерекше өкімге дейін жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Су тасқыны жағдайын бақылау, басқару органдарының іс-қимылын үйлестіру үшін Департамент базасында мүдделі азаматтық қорғау қызметтерін тарта отыра, облыстық су тасқынына қарсы Штаб өрістетілетін болады.
«Ақпан айында төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша облыстық комиссияның отырысы өткізілді. Онда қалалар мен аудандардың әкімдеріне, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына су тасқыны кезеңінде су шаруашылығы құрылыстарының бөгеттері мен тоғандарының жай-күйіне комиссиялық тексеру ұйымдастыру, су өткізу құрылыстарын, автомобиль жолдарын, ғимараттар мен құрылыстардың шатырларын қардан тазарту бойынша іс-шараларды жүргізу қажеттілігі туралы ұсынымдар берілді», - делінген хабарламада.