ШұғылЖыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 310 адам зардап шеккен

Қызылжарда дәрігерлер кеселден қорғанатын костюмдерді қымбат бағаға сатып алған

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері жария етті

 

Қызылжарлық дәрігерлер кеселден қорғанатын костюмдерді қымбат бағаға сатып алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Петропавлда коронавирус өршіген тұста, дәрігерлер обаға қарсы костюмдерді қымбат бағаға сатып алған. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері жария етті. Құзырлылар денсаулық сақтау саласын тексеру барысында бірқатар олқылықтарды анықтаған. Тіпті медицина саласының қызметкерлеріне тағайындалған үстемеақыны тек науқастармен тікелей жұмыс істеген дәрігерлер ғана емес, кеңсе қызметкерлері де алып отырған. Ал қорғаныш құралдарын шамамен екі есе қымбат бағаға сатып алғаны белгілі болды.

«Мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшартқа сәйкес, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Шкарин жеке кәсіпкерінен обаға қарсы костюмнің 686 данасын сатып алған. Әрбіреуінің құны 40300 теңгені құрайды. Дәл сол кезеңде аталған мекеме «СҚ-Фармация» серіктестігінен 7000 костюмді 23 мыңнан алған. Яғни, айырмасы бақандай 16 мың теңгені құрайды. Бюджет қаражатын 11 жарым миллион теңгеге үнемдеуге болар еді», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Дамир Хабибулин.

Басы дауға қалған Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бұл айыптауға дереу жауап берді. Олар сол кездегі қарбалас пен тапшылық себеп болғанын айтып ақталды.

«Әлемді жаулаған пандемия кезінде бізді обаға қарсы костюммен «СҚ-Фармация» компаниясы қамтуы тиіс болды. Олармен келісімшартты наурыз айында жасастық. Бірақ костюмдер бірден келмеді. Бізде сәуір-мамыр айларында дерттен оқшаулайтын киімнің тапшылығы пайда болды. Менің алдымда дәрігерлерді киіндіру міндеті тұрды. Сондықтан жеке кәсіпкерден сатып алуға тура келді. Ал «СҚ-Фармацияның» костюмдері бізге мамыр айында бір-ақ жетті», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.