Бұдан бөлек мегаполисте троллейбус паркін, ЛРТ-ны дамыту жайы талқыланды
Алматыда тағы бір оқушылар үйі салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, Алматыдағы троллейбус паркін, ЛРТ-ны дамыту, сондай-ақ Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында инженерлік инфрақұрылым салу жобаларының барысы талқыланды. Ауданда жаңадан 13,5 км сумен жабдықтау және 17 км су бұру желілері салынады. Жолды тегістеу мен жол төсеу жұмыстары басталды.
«Көлік жолайрығының құрылыс алаңдарында болдым. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы құрылыс жұмысын жыл соңына дейін, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесіндегі жұмысты келесі жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарда бар», - деді Б. Сағынтаев.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму, қалалық Мобилділік басқармалары инфрақұрылымдық желілер тартылған Төле би көшесіндегі учаскелерді ретке келтіретін болады.
Қазіргі сәтте Алатау ауданының Саялы ықшамауданындағы 1800 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Оқу орны осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Түрксіб ауданының Огарев көшесінің бойына заманауи балабақша мен оқушылар үйі салынады. Сағынтаев әуежай скверін, Маяк тоғайын қалпына келтіру және Боралдай өзенінің жағалауын жақсарту жобаларын қарады. Мұнда Алатау ауданының Көк-Қайнар ықшамауданының тұрғындары үшін ересектердің демалуына арналған жаңа қоғамдық кеңістік және балалар мен жасөспірімдерге арналған белсенді аймақтар құрылады.