Түрікменстан президенті жаңа әнін халқының назарына ұсынды
Бұл – Гурбангулы Бердымухамедовтың асылтұқымды құлындарға арнаған екінші әні
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов өзінің жаңа әнінің тұсауын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy turkmenportal.com сайтына сілтеме жасай отырып.
Ел басшысы «Менің әппақ қалам – Ашхабад» әнінің өлеңін, ал немересі Керім Бердымухамедов музыкасын жазған.
Ашхабадта өткен концертте тұсауы кесілген әнді Гурбангулы Бердымухамедов Ашхабад атты құлын дүниеге келгенде шабыттанып шығарған екен. Өзінің әйгілі ақалтеке арғымағы Ақханнан туған құлын президенттің көңілін қатты тасытыпты.
Айта кетсек, Гурбангулы Бердымухамедов екі жыл бұрын немересі Керіммен бірге Ровач атты құлынға арнап рэп үлгісінде ән шығарып, оны тіпті өзі орындаған болатын.
Турікменстан басшысы қазіргі уақытта ел астанасының тарихы мен салт-дәстүріне арналған «Ашхабад» деп аталатын кітабын аяқтап қалған көрінеді.