Нұр-Сұлтан әуежайында ұшақ күтіп отырған жолаушылар шағын концерт қойды
Ақтүтек боран салдарынан рейстердің ұшу уақыты әр сағат сайын кейінге шегеріліп жатыр
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайын қардан тазарту жұмыстары жүріп жатқандықтан, ғимарат ішінде өз рейстерін күтіп отырған жолаушылар шағын концерт ұйымдастырып, бір-біріне қолдау көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram желісіндегі astanovka98 парақшасында жарияланған видеода әуежайдағы жолаушылардың қосыла ән шырқап, гитара тартып отырғанын көруге болады.
Ақтүтек боран салдарынан рейстердің ұшу уақыты әр сағат сайын кейінге шегеріліп жатқандықтан, жолаушылар тоғыз сағаттан бері өз ұшағын күтуге мәжбүр болып отыр.
Айта кетерлігі, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағы бүгін түнгі сағат 03.00-ге дейін жабық болады.
Бұған дейін қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін әуежай алдымен сағат 16:30-20:00 аралығында жабылған болатын. Кейіннен бұл мерзім сағат 00.00-ге дейін ұзартылды.