Ішкі бағыттар бойынша авиабилеттің орташа құны орта есеппен 12% төмендеді
Қазақстандық әуежайларда жолаушылар ағынының өсімі байқалуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының әуетасымалдар бағасын төмендетуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында отандық авиакомпаниялар ішкі бағыттар бойынша авиабилеттің орташа құнын орта есеппен 12% -ға төмендетті. Қазақстандағы алғашқы бюджеттік әуе компанияны іске қосу әуе тасымалдар нарығына елеулі әсер етті және жалпы алғанда ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берді, бұл авиабилеттердің тарифтерін төмендеуіне алып келді», - делінген хабарламада.
Fly Arystan авиакомпаниясының нарыққа келуімен Қазақстан әуежайларында жолаушылар ағынының өсуі байқалды, Нұр Сұлтан - 48%, Алматы - 45%, Семей - 1013%, Тараз - 734%, Павлодар - 117%, Қарағанды -90%, Шымкент - 57 %, Орал - 54%.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік субъектілерімен бірлесіп, авиабилеттердің құнын төмендету бойынша бірқатар шараларды қолдану бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының әуеотынға бағаны төмендетуге қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Б. Камалиев Қазақстанда ұшуларды жүзеге асыратын шетелдік әвиакомпаниялармен мен негізгі әуежайлармен кеңес өткізді.
«Мемлекет меншігіндегі әуежайларға авиаотынның құнын орташа нарықтық деңгейге дейін төмендету және шетелдік авиакомпаниялармен шарттардың осы шешіміне сәйкес келтіру тапсырылды. Авиаотынның құны авиатасымалдар құнының ең үлкен үлес салмағын алады-30 % дейін», - дейді министрлік өкілдері.
Кездесуге Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларының әуежайлары және «Air China Limited», «China Southern Airlines», «Turkish Airlines», «Атласглобал», «Аэрофлот», «Fly Dubai», «Uzbekistan Airways», «Pegasus», «Etihad Airways», «Siberia Airlines», «Ural Airlines» және « Белавиа»шетелдік авиакомпаниялары өкілдері қатысты.