Алматыда өгей баласын өлтірген ер адамға қатысты сот басталды
Үйінің ауласында өгей баласын өлімші етіп сабаған ер адамға қатысты сот процесі басталды
Күдікті бүгін Алматы қалалық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа жеткізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.
Өгей әкенің екі жасар бүлдіршінді ұрып соққанын өз көзімен көрген куәгерден тергеу кезінде түсініктеме алынған. Ол сотталушының туысқан ағасы. Еркелеп жылаған сәбидің қылығына шыдамаған ер адам оған бірнеше рет соққы жұмсаған. Қатты затқа басымен құлаған бала ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем қызметіне өгей әкенің өзі хабарласқан. Алайда бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршін көз жұмды. Оқиға биыл 23 қыркүйекте Алатау ауданындағы жер үйлердің бірінің ауласында орын алған. Полиция бір күннен кейін күдіктіні қамауға алды.
Жантүршігерлік оқиғаға қатысты сотта жәбірленуші ретінде бақилық болған сәбидің анасы қатысып жатыр. Алғашқы процесте прокурор айыптау қортындысын оқыды. Күдікті өз кінәсін мойындаған. Екі ай тергелген іс барысында 34 жастағы Жеңіс Құрманғазин ҚР ҚК 99 бабы, 3 тармағымен айыпталды. Бұл бап бойынша дәрменсіз адамды көрнеу ұрып соғып, өлімге дейін жеткізу қылмысына барған күдікті 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы