Түркістан облысында 8600 адам «Спутник - V» вакцинасын алды

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы аймақта вакцина алғандар саны 10 мың адамға жуықтады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында 8600 адам коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Облыста осы жылдың 3 наурызынан бастап Қарағанды фармацевтикалық зауытында дайындалған ресейлік «Спутник - V» препаратымен вакцинация жүргізіліп жатыр.

Вакцинаның алғашқы компонентін 8 600 адам алды. Бұл медицина қызметкерлері, педагогтар және күш құрылымдарының қызметкерлері. Ағымдағы жылдың 25 наурызынан бастап коронавирусқа қарсы егудің екінші компонентін енгізу жоспарланып отыр. 

Ақпан айында Түркістан облысына Ресейде жасалған «Спутник - V» вакцинасының 1 300 дозасы жеткізілді. Сол кезде вакцинаның екі компонентімен де облыстың медицина қызметкерлері егілген болатын.

Жалпы аймақта вакцина алғандардың саны 9 900 адамды құрады. Жақын арада халықтың осал топтарын егу жоспарланып отыр. COVID-19 қарсы вакцинация қалалар, аудан орталықтары мен елді мекендердегі емханаларының егу кабинеттерінде жүргізіледі.