Локдаун қанша уақытқа созылады – ДСМ
18 наурыздан бастап елордада карантин күшейтіледі
Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Қазақстандағы локдаунның ұзартылу ықтималдығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Егер жағдай нашарласа, мәселе ведомствоаралық комиссия қаралымына шығарылады. ВАК осындай шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ әзірге ұзарту туралы мәселе қарастырылмайды», - деп түсіндірді Ержан Байтанаев.
Сонымен қатар, ДСМ 8 наурыздағы мереке күндері карантиндік шаралардың бұзылуына байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматыда аурудың өсуі байқалғанын атап өтті.
«Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігерінің шешіміне сәйкес, 18 наурыздан бастап бізде карантин режимі күшейтіледі. Сонымен қатар 21 наурыздан бастап жексенбіде толық локдаун болады. Ол қанша уақытқа созылады, бұл бәрімізге, санитарлық дәрігерлердің талаптарын қаншалықты сақтайтынымызға байланысты», - деп қосты ол.
Айта кетейік, қазір Қазақстан тәуекелі төмен «жасыл» аймақтан тәуекелі орташа «сары» аймаққа өтті. «Қызыл» аймақта 3 өңір Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан облысы тұр. «Сары» аймақта Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған облыстар «жасыл» аймақта.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан