Учаскелік инспекторлардың жанына көмекші берілмек - ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғын үй кешендерінде полицейлік пунктер ашылады

Елімізде учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл бағытта жүзеге асырылатын өзгерістер туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сенаттағы Үкімет сағатында мәлімдеді.

«Ішкі резервтер есебінен учаскелік полиция қызметкерлерінің штаттық санын арттыру жоспарлануда (барлығы 6 473 қызметкер бар, 3 404 қызметкер қажет). Қалаларда аға учаскелік инспекторлар институты қалпына келтіріледі. Учаскелік полиция қызметкері – биліктің бірден-бір өкілі екенін ескере отырып, олардың әрқайсысына көмекші беру көзделіп отыр», - деді министр.

Бұдан былай учаскелік тәртіп сақшыларына арналып салынып жатқан жаңа үйлерден учаскелік пункт ашылады. Бұл тұрғындардың тыныш, әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз етпек.

«Мысалы, Нұр-сұлтан, Алматы қалаларында бір тұрғын үй кешінінде 2 мыңнан 7 мыңға дейін азамат тұрады. Оларға қызмет көрсететін учаскелік инспекторлардың қызметтік орындарын жабдықтау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзырында», - деді Тұрғымбаев.

Бұл орайда ІІМ әкімдіктермен бірлесіп, тиісті нысандарды ашу бойынша шаралар қабылдап жатқаны белгілі болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан