Ішкі істер министрлігіне тиесілі бірқатар міндет өзге ведомстволарға тапсырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның қандай міндеттерден босатылғанын айтты 

Фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігінің бірқатар функциялары өзге ведомстволарға берілді. Бұл туралы Сенаттың Үкімет сағатында айтылды.     

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз баяндамасында ведомствоның қандай міндеттерден босатылғанын тізіп шықты.    

«Бірқатар объектілерді күзету функциясы бәсекелес ортаға тапсырылды. Өткен жылы 72 нысан берілді. Олардың қатарында қалалық әкімдіктер, медициналық және басқа да нысандар бар. Биыл олардың саны 581-ге жетеді. Нәтижесінде 3 мың полицияның штаттық бірлігі босатылады. Сондай-ақ, көші-қон қызметінің кейбір функцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Бүгінде көші-қон полициясы 60 қызметті жүзеге асырады. Оның көбі полициямен байланысты емес. Мысалы, босқындармен жұмыс, оларға әлеуметтік көмек көрсету. Еңбек иммигранттарына жеке тұлғаларға жалданып жұмыс істеуге рұқсат беру. Көп жағдайда, рұқсат беру функциясын жергілікті әкімдік атқарады», - деді өз сөзінде Тұрғымбаев.   

Алайда, заңсыз көші-қонмен күрес, құжаттандыру, визалық жұмыс, реадмиссия және азаматтық беру функциялары ішкі істер органдарының құзырында қала бермек.   

Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған азаматтардың денсаулық мәселесі мен  пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға көрсетілетін құқықтық міндеттер де өзге ведомстволарға жүктеледі.  

«Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл бойынша ұсыныс дайын. Осы жылы тиісті заңнама әзірленеді. Келесі жылы кәмелетке толмағандар мен әйелдерді ұстауға арналған тергеу изоляторларындағы медициналық функцияларды Денсаулық сақтау министрлігіне беру жоспарлануда. 2023 жылы Қылмыстық атқару жүйесінің барлық медициналық қызметі Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға көмектесу функцияларын жергілікті атқарушы органдар атқарады», - деді Ішкі істер министрі.  

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан