Қала әкімдігі қоғамда дау туғызған жекешелендіру мәселесіне қатысты Премьер-министрге хат жолдаған
Алматыдағы балаларға арналған музыкалық мектептерді жекешелендіруге қатысты қоғам наразылығы күшейіп келеді. Бұл мәселе Парламент мінберінен де көтерілді. Кеше депутат Ерлан Смайылов музыкалық мектептерді саудалауды тоқтату керек деген талап қойды. Ол Алматы қаласы әкімдігін жалпыға білім беретін оқу орындарын жекешелендірмек болғаны үшін сынға алды.
Алматы қаласы бойынша бәсекеге қабілетті ортаға 3 балалар музыкалық мектебін беру жоспарлаған. Олар №1 балалар музыкалық мектебі (хор), Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебі және №11 балалар музыка мектебі. Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 25 ақпандағы № 1/149 «Алматы қаласының коммуналдық меншігі туралы» қаулысы негізінде және ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 «2021-2025 жылдардағы кейбір жекешелендіру сұрақтары туралы» қаулысына сәйкес аталған музыка мектептері жекеменшікке сатылуға тиіс болған.
Кеңес заманында салынған мектептерді жеке кәсіпкерлердің қолына беру идеясы қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Көпшілік орта білім беру орындары мемлекет қарамағында болуы керек деген пікірді қолдап отыр.
Azattyq Rýhy тілшісіне белгілі музыка педагогы, профессор Оңдасын Абдоллаев пікір білдірді. Қазақстандағы танымал музыканттардың ұстазы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепті 36 жыл басқарған. Кәсіби маман Алматыдағы үш музыкалық мектептің жеке кәсіпкерлер қолына өтуі қауіпті құбылыс деп санайды. Ол онсыз да тоқсаныншы жылдары жүргізілген жаппай жекешелендіру салдарынан аймақтардағы жүздеген мектептің орнына коммерциялық нысандар тұрғызылып, салалық білім беру ақсап қалғанын айтады.
«Егер мектеп жекенің қолында болса, мықты музыканттар дайындауға ешқандай оң ықпал болмайды. Ол мемлекеттік болуы керек. Ол жерде кез-келген бизнесмен түскен пайданы жеке мақсатына жұмсағысы келеді. Мұғалімге, ғимараттың жағдайына және оқушыға мән берілмейді. Сондықтан халық білімі, соның ішінде музыкалық білім мемлекет қарамағынан шығып кетпеуі тиіс. Кәсіпкерге өз ақшасына жаңадан салса, басынан құрса жарасады. Ал дайын дүниені алған адамның пиғылы да басқа болады. Мен мұны жеке өмірлік тәжірибемнен айтып отырмын», - дейді профессор.
Музыка педагогының айтуынша, Кеңес Одағы тараған жылы Қазақстанда 800 музыкалық мектеп болған. Жаппай жекшелендіру кезеңінен соң оның 160-ы ғана мемлекет меншігінде қалыпты. Соның үшеуі - Алматыдағы мектептер. Ол жерде 7-ші сыныпқа дейін білім беріледі. Осы күні оқушыларға музыкалық орта білім беретін 11 мектеп жұмыс істеп тұр.
Айта кету керек, қазақстандық пианист, Қазақстан Халық артисі, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның бұрынғы ректоры Жәния Әубәкірова Алматыда авторлық мектебін ашқан болатын. «Aubakirova School» деген атпен белгілі мектеп танымал - музыканттың жекеменшігі. Білім орны 1994 жылы құрылып, алғаш 100 үміткер қабылданған. Қазір мұнда 380-ге жуық оқушы білім алады.
«Aubakirova School» жоғарыда әңгіме болған Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебінің негізгі ғимаратына қоныстанған. Екеуінің заңдық мекенжайы да бір, яғни мектептер Алматыдағы Қарасай батыр, 140 деген ғиамартта орналасқан. Деректерде бұл мектептің негізі 1964 жылы қаланғаны жазылған.
Оңдасын Аболлаев аталған мектепке қатысты жекешелендіру мәселесінің аяқ астынан шықпағанын айтады. Маманның пайымынша, танымал әртіс Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебін де өз меншігіне алуы мүмкін.
«Прокофьев атындағы мектепті Жәния Әубекірова түгел өзіне алып алайын деп жатқан шығар. Кезінде бұл мектеп Жәнияға өткен. Сосын ұрыспай-керіспей келісейік деп, соның біраз ғимараты ескі мектепте сол күйі қалды. Қазір Жәния Әубәкірованың мектебі - қаладағы ең жақсы мектеп. Ол Елбасының бастамасымен салынған еді. Кейін арнайы қаулымен Жәнияға берілді. Қазір ол «Әубәкірованың авторлық мектебі» деп аталады. Негізі, бастапқыда ол жердегі мұғалімдер жекеге өтуге қарсы болған. Ақыры мектептің ширегін сол Прокофьевке қалдырған еді», - дейді ардагер ұстаз.
Жәния Әубәкірова Azattyq Rýhy тілшісіне мектептерді жекешелендіруге қатысты пікірін білдірді. Ол бүгін Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен сөйлесіп, жекешелендіру бойынша сұрақтарды талқылағанын айтты. Жалпы, ол да бұл мектептің жеке кәсіпкерлер қолына өтуіне қарсы екенін мәлімдеді.
«Мен бұл сұрақ Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына байланысты туындағанын білдім. Ал Алматы қаласының әкімдігі жекешелендіруге қарсы екен. Мен Прокофьев атындағы мектеппен 25 жылдан бері әріптестік қарым-қатынас орнатқанмын. Біз осы уақыт аралығында ол мектепке тиеселі жерді, ғимаратты сатып алдық. Онда қазір 230-дай оқушы білім алады. Ал менің мектебімде 380 оқушы бар. Менің позициям былай: бұл 1960 жылдары салынған оқу орны, оның қалыптасқан дәстүрі мен өз жолы бар. Мемлекеттен қаржыландырылады. Сондықтан ол жердегі оқушыларды өз мектебіме алып оқыту жоспарымда жоқ. Осылай қалғанын қалаймын», - деді Жәния Яхияқызы.
Алматы қаласы әкімдігі қоғамда резонанс тудырған бұл мәселеге қатысты жауап берген еді. Қала билігі жекшелендіру сұрақтарын қайта қарамақшы. Сағынтаевтың командасы Үкімет басшысына аталған үш мектепті жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығару туралы хат жолдаған.
«2018 жылы ҚР Премьер-министрінің өкімімен бекітілген ҚР Үкіметінің жұмыс жоспарын орындау мақсатында жекелеген нысандарды жекешелендіру туралы шешім қабылданды. Осы жоспарға сәйкес Алматы қаласы бойынша бәсекеге қабілетті ортаға 3 балалар музыкалық мектебін беру жоспарланған болатын (№1 балалар музыкалық мектебі (хор), Прокофьев атындағы №3 балалар музыка мектебі және №11 балалар музыка мектебі). Бұл мәселе қоғамда әлеуметтік шиеленісті тудырғандықтан, Алматы қаласының әкімдігі ҚР Білім және ғылым министрлігімен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірге бұл мәселені талқылады. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігі ҚР Премьер-министріне балалар музыкалық мектептерін жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығару туралы хат жолдады», - делінген хабарламада.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы