Көлік прокуратурасы ҚТЖ-ға қарасты бірнеше қызметкердің заңсыз әрекетін әшкереледі
ҚТЖ филиалдарының жекелеген лауазымды тұлғалары оқыс оқиғаларды жасырған
Қазақстанның бас көлік прокуратурасы теміржол көлігіндегі бірқатар қауіпсіздік ережесінің бұзылғанын анықтады.
Прокуратура бірқатар өңірде пойыздардың жүйелі түрде ұзақ уақытқа кешігуіне байланысты қазақстандықтардың шағымынан кейін тексеріске кірісті.
Бір ғана Жамбыл облысындағы теміржол көлігі саласында прокурорлар магистральді жолдан 600 ауытқу фактісін, рельстері жарамсыз 300 учаскені анықтады. Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұловтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» аталған жағдайлар бойынша дер кезінде тиісті шара қолданбаған.
Көлік прокуратурасы анықтағандай, жолдардың нашар күйде болуына байланысты магистральдарда пойыз жылдамдығына шектеулер енгізіліп, бұл жолаушылар пойызының 300-ден астам рет кешігуіне алып келген.
«Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жамбыл магистральдық желі, Шу және Сарышаған жол дистанциясы бөлімшелерінің басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Магистральдық инфрақұрылым операторы заңдылықты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі», - дейді Ернат Сыбанқұлов.
Одан бөлек, ҚТЖ филиалдарының жекелеген лауазымды тұлғалары азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін темір жолдағы оқыс оқиғаларды жасыру әрекеттерін тоқтатпауда.
Мәселен, былтыр 3 желтоқсанда Шалқар станциясы бойынша «Маңғышлақ-Алматы» қатынасындағы жолаушылар пойызы жөнелтілгеннен кейін машинист вагонның пойыздан өздігінен ағытылуы себебінен мәжбүрлі түрде шұғыл тежеуішті басқан.
Ереже бойынша, уәкілетті органға жағдайды есепке алу және жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу хабарлау керек. Алайда, оның орнына, жоғарыда аталған жағдайды жасыру мақсатында «ҚТЖ-Жүк тасымалдау» ЖШС – «Ақтөбе ЖТ бөлімшесі» филиалының жауапты лауазымды тұлғалары артқы вагонның соңғы кранының тұтқасы өздігінен ашылуы туралы жалған акт жасаған.
Қандыағаш көлік прокурорының араласуынан кейін ғана уәкілетті орган заңды тұлғаға қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, 15 лауазымды тұлға (соның ішінде басшының бірінші орынбасары, вагон депосы мен станциясының бастықтары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 2 қызметкер ақысы төмен лауазымдарға ауыстырылды, вагон депосының орынбасарына қатысты еңбек шартын бұзу түрінде шешім қабылданды.