Ірі құс фабрикалары жұмыртқа бағасын өзара келісіп көтерді деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Екі айда жұмыртқа құны 11,5%-ға қымбаттап кеткен

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда әрбір екінші ірі жұмыртқа өндірушінің әрекетінен бағалық сөз байласу белгілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміз бойынша 34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталды.

«Жыл басынан бері екі айда жұмыртқа құнының өсуі+11,5%-ды құрады (өткен жылдың ұқсас кезеңінде 1,4%-ға төмендеу байқалды). Өңірлерде тауық жұмыртқасы Семей қаласында - 22,4%, Өскемен - 21,6 %, Қостанай - 16,5%, Жезқазған - 15%, Алматы - 13,4%, Ақтау - 13,3%, Павлодар - 13,7%, Орал - 11,8%, Алматы - 13,4%, Талдықорғанда а12,3%-ға қымбаттады», - делінген агенттік мәліметінде.

Бағалық сөз байласу белгілерінің болуына байланысты 13 тауық жұмыртқасын өндірушіге (Шымкент қаласы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Атырау облыстары) бағаларды төмендету туралы хабарлама жіберілді.

Хабарламадағы талаптарды кәсіпкерлік бір ай мерзімде орындамаған жағдайда, монополияға қарсы орган кодекске сәйкес тергеп-тексеруді бастайды.

Сонымен бірге, бағаның күрт өсуіне құс тұмауының өршуі және құс басының 15 пайызға қысқаруы, азық құнының 150%-ға артуы сияқты бірқатар фактор әсер еткен.

Қазіргі кезде "Адель-кус" ЖШС, "Алекри" ЖШС, "Алсад" ЖШС, "Алель Агро" ЖШС, "Агроинтерптица"ЖШС. "Майқұдық құс фабрикасы" ЖШС, "Сары-Бұлақ" ЖШС және "Бескөл құс фабрикасы" ЖШС құс фабрикалары құстардың өліміне байланысты тауық жұмыртқасын өндірмейді.