Жалпы білім беретін мектептерде 0-5 сынып аралығында сабақ жүргізіледі
Шығыс Қазақстан облысында карантиндік шектеулер 20 наурызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңірдегі шектеу шаралары 20 наурызға дейін ұзартылды.
«Банкет залдарында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді, термометрияны, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толтырылуы 30%-ға дейін, бірақ 50 адамнан аспаған кезде тек еске алу рәсімдерін өткізуге ғана рұқсат етіледі. Мектепке дейінгі мекемелерде бірнеше топ бүлдіршіндерін біріктіретін іс-шараларды өткізуге тыйым салынған», - делінген құжатта.
Оқыту форматына қатысты айтар болсақ, жалпы білім беретін мектептерде 0-5 сынып аралығында, халықаралық мектептерде 1 сыныптан 7 сыныпқа дейін қоса алғанда, әр сыныпта 25 оқушыға дейін сабақ жүргізіледі. Ал жоғары сыныптағылар (9, 11 12) аптаның 6 күні ішінде аралас форматта оқиды: пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан оқытылады.
«Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Ал колледждердің, жоғары оқу орындарының I курс студенттерін штаттық режиде оқыту жалғастырылады», - делінген қаулыда.