Павлодар облысында 150-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды
Олар жолдың көрінбеуінен, дауылдың салдарынан қар құрсауында қалған
Павлодар облысында 150-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылып, 140 адам жылыту пункттеріне жеткізілді, оның 15-і -балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
5 наурыз күні сағат 12:30-да боранға, нашар көрінуге, ауа райының нашарлауына байланысты Нұр-Сұлтан - Шідерті тасжолының 200-254 шақырымында Шідерті кентінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі автомобиль жолында көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
«Желдің күшеюіне байланысты қозғалыс екі бағытта да жабылды. Бірақ сол уақытта 500-ге жуық көлік Нұр-Сұлтаннан шығып кеткен болатын. Соның ішінде жолдың көрінбеуінен, дауылдың салдарынан қар құрсауында қалғандар бар. Павлодар облысына кіріп үлгерген көліктер саны - 150-170», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында.