8 наурыз күні Алматы метросында оқушы қыздар тегін жүреді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталмыш акция Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілмек

 
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда 8 наурыз күні мектеп жасындағы барлық қыз балаға арналған «Qazbilim-мен метрода тегін жүр» акциясы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy метрополитеннің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш акцияны алматылық метро «QAZBILIM» республикалық орталығының ұйымдастыруымен Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілмек.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Күнделікті мəселелерді шешумен қатар, балалардың бəріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек» деп қолжетімді əрі сапалы білім туралы ерекше атап өткен болатын», - делінген «Метрополитен» КМК хабарламасында.

Акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – пандемия салдарынан мектептен қол үзіп, білім ордасынан шеттеп қалған оқушылардың білімге деген құштарлығын оятып, метрополитенде сапалы білім алуға шақыратын буклеттер мен брошюралар тарату. 

Акция аясында кез келген мектеп жасындағы қыз бала Алматы қаласындағы кез келген метро стансасынан тегін жетон алып, қалаған жеріне жете алады.