Желтоқсанда ауа райы қандай болады – синоптиктер

Автор: Azattyq Rýhy

Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерде күн суытып, еліміздің кей өңірінде 35 градусқа дейін аяз болуы мүмкін

«Қазгидромет» РМК желтоқсан айындағы ауа райына қатысты болжамын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің хабарлауынша, еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы бірқалыпты болып, күн қатты суымайды.
Желтоқсан айында оңтүстік циклонның әсерінен бірінші онкүндіктің ортасында жауын-шашын, оңтүстіктің кей жерінде көбіне жаңбыр, тұман, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы 15-25 м/с дейін күшейеді, солтүстік өңірлерде бұрқасын болады. Сондай-ақ, ауа температурасы көтеріледі.

«Онкүндіктің соңында Скандинавия аудандарынан келетін суық ауа массаларының ағыны әсерінен республиканың басым бөлігінде ауа райы қалыпты әрі біршама аязды болады», – дейді синоптиктер.   

Соған байланысты ауа температурасы батыста, солтүстік-батыста түнде -3...-13°C-тан  -8...-15°C дейін; оңтүстік-батыста -3°C, күндіз -2°C...+3°C жылыға дейін; оңтүстік-батыста +8°C-тан -2...-10°C суыққа дейін; оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде +3...+8°C-тан -5...-13°C суыққа дейін, ал күндіз +5...+15°C жылыдан 0...+5°C жылыға дейін; солтүстікте, орталықта және шығыста түнде -5...-15°C суықтан 0...-8°C дейін,  күндіз -3°C...+5°C-тан -2...-12°C дейін құбылады.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде күн: оңтүстік-батыс жартысында түнде -10...-20°C, күндіз -5...-10°C; солтүстік-шығыс жартысында түнде -20...-35°C, күндіз -10...-20°C дейін суытып, аяз болады.