Шетелден сатып алған мал жұқпалы ауру әкелді – Сенат депутаты

Автор: Azattyq Rýhy

Ақылбек Күрішбаев елдегі асыл тұқымды малдың популяциясын сақтап қалу керектігіне баса назар аударды

Фото: ашық дереккөзден

Мал шаруашылығындағы бірқатар қауіпті жұқпалы аурулар ел аумағына шетелден әкелінген ірі қара арқылы тарады. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев айтты.

Сенатордың мәліметінше, соңғы жылдары елімізге сырттан 153 мыңнан астам асыл тұқымды мал басы әкелінді. Оны сатып алуға (мемлекеттік субсидияларды қоса алғанда) 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды.

«Бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан келді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді», - деді Сенат депутаты. 

Сонымен қатар, Күрішбаев халықтың сырттан келген асыл тұқымды малдың қаншасы өлгенінен, жалпы жобаның мақсаты қалай орындалып жатқанынан бейхабар екенін айтты. 

«Халық білуге құқылы, себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебінен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған», - деді сенатор.

Халық қалаулысы елдегі асыл тұқымды малдың популяциясын сақтап қалу керектігіне баса назар аударды. Өйткені кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдың уақыт өте тұқымдық қасиеттері жойылып барады екен.

«Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында селекциялық - асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру ерекше маңызды. Себебі жануардың тек молекулалық-генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және селекцияның тиімділігін қамтамасыз етеді», - деді Күрішбаев.

Белгілі болғандай, елімізде селекциялық-асыл тұқымдық жұмыста геномдық сараптама жасаудың кемшін тұстары жетерлік. 

«Ауыл шаруашылығы жануарларының отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін өзіміздің фермерлерімізге көмек ретінде ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру керек. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотия тұрғысынан қауіпсіз жоба болар еді», - деді Сенат депутаты өз сөзінде.

Сондай-ақ, сенатор өз банядамасында асыл ұқымды малдың санын арттыруда жасанды ұрықтандыру тәсілінің тиімділігіне тоқталып өтті.

«Бұл мәселе ауыл халқы үшін өте маңызды. Өйткені, олардың күнкөрісі сол малдың өнімділігіне байланысты. Мамандардың мәліметі бойынша, қазір сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Белоруссияда - 95%, Украинада - 90%, Ресейде - кем дегенде 70%, Өзбекстанда - 55% болса Қазақстанда 15%-дан аспайды, яғни 4-6 есе аз. Сонымен қатар, бізде заманауи фермалар, сапалы жем-шөп базасы жетіспейді. Салыстыратын болсақ, Қазақстанда сүт бағытындағы 2,7 миллионға жуық сиыр бар, ал Беларусь Республикасында 1,5 млн бас, яғни бізден 1,8 есе аз. Алайда, Беларусь Еуразиялық экономикалық одағына кіретін елдердің көпшілігіне сүт және сүт өнімдерін экспорттайды, ал біз тіпті, өз халқымызды толық қамтамасыз ете алмай отырмыз», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан