Шенеуніктер мен олардың туыстары тек Қазақстанда емделуі тиіс – Қуат Хамитов
Спортшы шенеуніктер еліміздегі мемлекеттік клиникаларда қаралуы тиіс деп есептейді
Қуат Хамитов шенеуніктердің шетелде және жекеменшік клиникаларда емделуіне тыйым салу керек деп санайды. Спортшы мұндай пікірін Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Белгілі файтердің сөзінше, билік басындағылар отандық медицинаға немқұрайлы қарайды. Сол себепті осы саланың кем-кетігін олар өз көздерімен көруі тиіс деп санайды.
«Менің ойымша, біздің шенеуніктерге, депутаттарға және олардың отбасылары мен туыстарына шетелде, сондай-ақ біздің жекеменшік клиникаларда емделуге, босануға тыйым салу керек. Олар тек мемлекеттік клиникаларда қаралуы тиіс. Мүмкін олар мәселені өз көздерімен көргенде ғана осы салада дұрыс шешім қабылдай бастайтын шығар!», - деп жазды спортшы.