Қазақстанда электр желілерінің 64%-ы тозған
Көбі Кеңес үкіметінің кезінде тартылған

Елде жұртқа электр қуатын жеткізіп отырған желілердің 64%-і тозған. Көбі Кеңес үкіметінің кезінде, яғни өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары тартылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Мысалы, Талапкер ауылында 2015 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге сұратып, 1 тоқ тарату торабы мен 49 жаңа трансформатр орнатқан. Бірақ аймақтағы электр тарату компаниясына тапсыра алмады. Себебі монополист түрлі сылтау айтып, қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Сөйтіп, созбалаңға салып жүргенде бақандай бес жыл өтті. Ал жаңа 49 трансформатор тоналып, әркімнің қолында кетті.
Целиноград ауданында дәл осындай 400 трансформатор мен 2 үлкен тоқ тарататын торап салынған. Жобаға республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге жұмсалды. Ол елорда маңындағы Қоянды, Қызылсуат, Қосшы, Қараөткел, Қаражар сынды бірнеше ауылды арзан әрі тұрақты электр қуатымен қамтуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Себебі монополист компанияның сатып алатын мүмкіндігі болмады.
«Қазір заңға өзгерістер енгізілді. Сондықтан ол компания жүйелерді өзінің балансына емес, енді балансына алса, сатып алу керек. Сенімді басқару дейді, сол сенімді басқаруға беруге біздің құқығымыз бар. 2020 жылы сол өзгерістер ғана енгізілді. Енді алам десе де, тағы да бір проблемасын бізге айтып жатыр. Маған енді тарифке пайдаланатын кездегі шығындарды эксплуатациялық шығындар дейді. «Сол шығындарды немесе тарифке кіргізіңдер немесе бюджеттен жабыңыздар», - деп айтып жатыр», - дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Қанат Ағзамұлы.
Ал Ақмола электр тарату компаниясы «желілерді қабылдауға дайынбыз» дейді. Бірақ күтіп ұстауға кететін шығын төленуі керек. Заңда бұл көрсетілмеген. Яғни желіні басқаруға беру керек екені бар. Ал оның қалай жүзеге асатыны нақты жазылмаған.
Бұл жалғыз Целиноград ауданы ғана емес, республиканың барлық өңіріне ортақ проблема. Өйткені заң ортақ. Оның кемшін тұстары да ортақ.