Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейі төмен деген шешімге келді
ҚР Парламенті Сенатында «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігін іске асыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзінде Мемлекет басшысы серпінді инфрақұрылымдық жобалар, қызмет көрсету деңгейі мен транзит бағыттардағы жылдамдықты көбейту есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын алға қойғанын еске салды. Атап айтқанда, 24 мың шақырым жолды, яғни барлық республикалық жолдар мен ондағы қызмет көрсетулерді 2025 жылға дейін қайта құру және қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Сенаторлар осыған дейін Үкімет атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мәселесін айтқан болатын.
«Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігі, осы саладағы мемлекеттік саясатқа халықтың ризашылық деңгейінің төмендігі – саладағы маңызды проблемалардың бірі. Көліктегі қауіпсіздік деңгейін арттыруды мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде қарастыру қажет», - деді Асқар Шәкіров.
Көлік қауіпсіздігі саласындағы құқықтық, ұйымдастыру және техникалық проблемалар көтерілді. Атап айтқанда, салалық заңнаманы іске асыру барысы, әуе кемелерін пайдаланушылардың сертификаттау талаптарына түзетулер бойынша бастама жасау, көлік саласына инвестиция тарту жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі қолға алынды.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөнінде барлық мемлекеттік органдардың келісілген қызметі қажеттігін атап өтті.