$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.02.2021, 15:57
Жаңалықтар

Әлемде COVID-19-дың бразилиялық нұсқасын жұқтырғандар жиі тіркеле бастады

Бұған дейін КВИ-дің Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан табылған мутацияларын жұқтыру жағдайлары тіркелген болатын

Әлемде COVID-19-дың бразилиялық нұсқасын жұқтырғандар жиі тіркеле бастады
Фото: ашық дереккөзден

Әлем елдері коронавирустың таралуына қарсы әлі де болса қатаң шаралар қолданып, қауіпті вирусқа қарсы вакцина егу жұмыстарын жаппай қолға алып жатыр. COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия бірқатар елдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Австралия тұрғындарына COVID-19 вирусына қарсы вакцина егуді бастамақ. Бірінші вакцина Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне жасалды. Кең ауқымды вакцинация науқаны 22 ақпанда басталады. 25 миллион халқы бар мемлекетте COVID-19-ды шамамен 29 мың адам жұқтырған, олардың 900-ден астамы қайтыс болған, 26 мыңнан астамы сауығып шыққан.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон елдің барлық ересек тұрғындарына шілде айының аяғына дейін COVID-19-ға қарсы вакцина жасату ұсынылатынын мәлімдеді. Үкіметтің вакцинацияны жеделдету жоспарына сәйкес мұндай ұсыныс 15 сәуірге дейін 50 жастан асқан барлық адамдарға жетеді деп болжануда. Елде вакцинация науқаны 2020 жылдың 8 желтоқсанында басталған, 17,24 миллион тұрғын вакцинаның алғашқы дозасын алса, 605 мыңға жуық адам вакцинаның екінші дозасын алған.

Неміс шекарашылары 15 ақпаннан бастап, яғни елдің шекара бекеттерінде қатаң бақылау орнатылған уақыттан бастап 4 522 адамды Германияға кіргізбеген. Басты себеп, келушілердің қолында коронавирустың теріс нәтижесі көрсетілген ПТР сынағының анықтамасы болмауында болған.

Иран Иракпен шекарадағы өткізу пункттерін Ұлыбританияда табылған COVID-19 жаңа нұсқасының таралуына жол бермеу мақсатында жауып тастаған. Тегеран аталған мутация көрші мемлекеттен елге енген деп есептейді.

Ирландия премьер-министрі Микол Мартин елде қонақүйлер мен гастрономия саласындағы кәсіпорындардың жұмысы жазға ашылмайтындығын мәлімдеді. Барлар, мейрамханалар, кафелер мен қонақүйлер соңғы 12 айдың көп бөлігінде жұмыс істемеген. 5 миллион тұрғыны бар Ирландияда COVID-19 214 мыңнан астам адамда анықталған, 4 135 адам қайтыс болған.

Швецияда COVID-19-дың бразилиялық нұсқасын жұқтыру жағдайлары анықталған. Ел билігінің хабарлауынша, COVID-19-дың аталған мутациясы төрт адамда тіркелген. Жұқтырғандардың ешқайсысы жақын арада Бразилияға бармағаны анықталған. Билік жұқтыру тізбегін анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін Швецияда Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан табылған COVID-19-дың мутацияларын жұқтыру жағдайлары тіркелген болатын.

Серіктес жаңалықтары