Балалардың ата-анасына қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетіліп жатыр
Жамбыл облысында 5 баланың өліміне байланысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды. Жаңатастағы үйлердің бірінен өрт шығып, бес бірдей бейкүнә бала ажал құшты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды», - деп жазды облыс әкімі.
Оның айтуынша, оқиға орнына облыс прокуроры Н. Әбдіров, Полиция департаментінің басшысы Ж. Сүлейменов, ТЖД басшысы Е. Момбаев аттанды.
«Қара жамылған отбасыға қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетілуде. Мәселе менің жеке бақылауымда. Көз жұмған балалардың жақындарына Алла Тағала сабыр берсін. Қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын», - деп жазды әкім.