БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мердігерге 74 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Жауапты мекеме өз міндетін дұрыс атқармаған

Фото: ашық дереккөзден

Республикалық маңызға ие көлік жолдарын талапқа сай күтіп ұстамаған оралдық мердігерге 74 миллион теңге айыппұл салынды. «ҚазАвтоЖол» компаниясы өкілдерінің айтуынша, жауапты мекеме өз міндетін дұрыс атқармапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл мердігерге «Самара-Шымкент» тасжолының Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аумағын қар мен мұздан тазарту тапсырылған. Бірақ мердігер бұл міндеттемені дұрыс орындамаған екен. Ақпан айында күн күрт жылынып, кейін борандатып, аяз күшейді. Осылайша бірер күнде көктайғаққа айналған күре жолдың жағдайы мәз емес. 

«Құмды тұзды қоспа себу, жолды, жол жиектерін тазалау жұмыстарын ұйымдастыруын қадағалап, кейбір учаскелер үшін мердігер ұйымға ұйғарым берілді. «Қазақавтодор» ЖШС БҚОФ-на 74 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды», - деді «Қазавтожол» АҚ ҰҚ БҚО филиалы директоры міндетін атқарушы Елдар Садық.

Облыс жолдарында 25 жол апаты тіркеліпті. 7 адам қаза тауып, 59 жолаушы жарақат алған. Жол апатының көбі көктайғақ салдарынан болатыны жасырын емес дейді мамандар.