Республикалық шипажай қызметкерлерінің ақша жымқырғаны белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар олар азық-түлік және балаларға арналған басқа да өнімдерді сатқан

Фото: ашық дереккөзден

Республикалық «Алатау» балалар шипажайында ақша жымқыру фактісі тіркелді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі жүргізген операция барысында мекеме қызметкерлерінің ақша ұрлағаны, азық-түлік және балаларға арналған басқа да өнімдерді сатқаны белгілі болды. Аружан Саинның айтуынша, балалар бұл орталыққа квота арқылы келеді. Ата-аналардың жұмсайтын шығындары бұл есепке қосылмайды екен. Аталған мекеме елімізде бірегей екенін ескере отырып, Омбудсмен бұл мәселені «Денсаулық сақтау министрлігі өз бақылауына алу керек» дейді. 

«Осындай орталықтарға жауапты мекемелер қызметтерін тиісті дәрежеде атқармай отыр. Тексеруші органдардың өздеріне тексеріс керек. Бақылаушы органдардың барлығына хат жіберілді. Тағы да тексеру қажет екені жеткізілді. Бұл көз жұма қарайтын жағдай емес», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.