2020 жылы 14 мың интернет алаяқтық тіркелді - ІІМ
Алаяқтар көбіне онлайн микрокредиттік ұйымдар арқылы несие рәсімдеген
Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтарына тұсау сала алар емес. Өткен жылы осындай 14 мың қылмыс жасалса, биылғы қаңтар айының өзінде 1 700-ден асып түскен. Бұл тек құзырлы орган өкілдеріне шағымданғандары ғана. Айлакерлердің құрығына түскендердің арасында, онлайн-несие құрбандары да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Былтыр анықталған интернет алаяқтарының ең көбі: ғаламтор арқылы сауда жасап, соңы дымсыз қалғандар. Бұндай азаматтардың саны - 5500. Ал, 3 мың алаяқ әркімнің жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн-кредит рәсімдеген. Сондай-ақ 2000-дай адам карта және шот номерлерін беріп ақшасынан айырылыпты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тіркелген қылмыстық істердің 10 пайыздан астамы осы алаяқтыққа тиесілі. Тіпті онлайн-кредит рәсімдегендері де табылған.
Алаяқтар көбіне онлайн микрокредиттік ұйымдар арқылы несие рәсімдейтін көрінеді. Себебі, мұнда жеке басты куәландарытан құжаттың көшірмесі де жеткілікті, дейді заңгер.
«Таныс емес адамдарға немесе бір сайттарға кірген кезде ИИН-дарын сұрайды немесе төлқұжаттарының ақпараттарын сұрайды. Соларды көрсетпеуі керек, оны тек қана мемлекеттік органдар немесе 2 сатыдағы банктерде де өзіңіз барып, жеке өзіңіз көріп сол адамға бере аласыз. Басқа ешқандай түрде интернет желісінде өзіңіздің жеке ақпараттарыңызды қалдыруға тыйым салынады», - дейді заңгер Аржан Сәдуақасов.
Интернет алаяқтарының алған несиесін жәбірленушінің төлеуі шарт емес. Ол үшін азамат қарыз алмағандығын дәлелдеу керек. Бірақ бұл процесс біршама уақыт пен жүйкені талап етеді, дейді қаржыгер. Десе де мұны қиынсынып біреудің кредитін жауып жүргендер көп-ақ екен . Маман оның да несие тарихына әсер ететінін айтып отыр.