Еуропалық Одаққа мүше елдердің дені Сирияға кеткен азаматтарын қайтаруға құлықты емес. Ал қазақстандық тәжірибе еуропалық саясаткерлер мен сарапшылардың қызу талқысына түсіп, үлкен қызығушылық тудырды
Таяу Шығыстағы соғыс аумақтарынан өз азаматтарын елге қайтарған Қазақстанның батыл қадамын Еуропарламент құптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жусан операциясы арқылы Сириядан 595 адам, ал Русафа операциясы барысында Ирактан кәмелетке толмаған 14 бала елге оралғанын еске салайық. Балалар террорға қатысы үшін сотталған аналарымен бірге қамауда болатын.
Айта кетерлігі, Еуропалық Одаққа мүше елдердің дені Сирияға кеткен азаматтарын қайтаруға құлықты емес. Ал қазақстандық тәжірибе еуропалық саясаткерлер мен сарапшылардың қызу талқысына түсіп, үлкен қызығушылық тудырды.
«Қазақстан өкіметінің Сириядағы шиеленіс аймағында қалған өз азаматтарына қолдау көрсетіп отырғанын және олардың туыстарын отанына қайтару жолдарын іздеп жатқанын көріп тұрмыз. Өз азаматтарының тағдырына жауапкершілікпен қараған Қазақстаның бұл тәжірибесі біз үшін өте қызық», - дейді Халықаралық еңбек ұйымының қызметкері Саймон Хиллз.