Министр еліміздің мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне қатысты өзгерістерді айтты
Қазақстан коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы аптада эпидемиологиялық жағдайдың матрицасы бойынша еліміз орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. 3 өңір (Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) қызыл аймақта тұр. Сары аймақта – 3 өңір (Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) бар. Қалған 11 өңір жасыл аймақта», -деді Алексей Цой.
Министр еліміздің мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне қатысты өзгерістерді атап өтті.
«Қазақстан азаматтары үшін, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі 3 есеге (90 тәулікте 1 реттен 30 тәулікте 1 ретке дейін) ұлғайтылды», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүшелерін жерлеуге, отбасындағы жағдайы ауыр науқасқа күтім жасау, жолаушы тасымалы, халықаралық тасымал үшін шектеу жоқ екені ескерілді.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан