Түркістан облысында 840 медқызметкер коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын жұқтырудың 7 жағдайы расталды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау 2021 жылдың 1 ақпанында басталды. 1-8 ақпан аралығында Түркістан облысында 840-қа жуық медицина қызметкері COVID-19 вирусына қарсы екпе салдырды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы бір тәулік ішінде Түркістан облысы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 7 жағдайы расталды. COVID-19 инфекциясының күнделікті өсу деңгейі 0,16% төңірегінде. Пандемия басталғалы бері өңірде 4176 жағдайы тіркелді. Оның 2682-сі симптомсыз болып, 1 671-і стационарлық ем қабылдады.

Бүгінгі күні КВИ-ға қарсы вакцинация Ресейде шығарылатын Sputnik V вакцинасының көмегімен жүзеге асырылады.

«Коронавирустық вакцинаны екі кезеңмен 21 күн аралығында жасау міндетті. Оған себеп, бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқамерзімді қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншінің әсерін күшейтеді және адам ағзасындағы антиденелердің мөлшері артады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцинация ерікті түрде салынады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинацияланған адамның саналы келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Елімізде егуден бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жоқ.