Ол үшін танымал блогерлерді шақыру көзделген
Мемлекеттік сатып алу порталында Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы тендер жариялады. Бұл тапсырыс 13,5 млн теңгеге Сыр өңірінің жағымды имиджін қалыптастыруды көздейді.
Хабарландыру 2021 жылдың 2 ақпанында салынған. Өтінімдерді қабылдау мерзімі 22 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде іс-шараларды ұйымдастыру/өткізу жөніндегі қызметтер» атты тендер 13 591 964 теңге 29 тиын бөлуді көздейді. Қызметті 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін көрсету қажет.
Бұл тендерді тапсырыс беруші былайша сипаттаған: «интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша оқыту» әлеуметтік маңызы бар жобасы.
Тапсырыс бірнеше тармақты қамтиды:
«Өңірдің оң имиджін қалыптастыру үшін арнайы әлеуметтік желімен» жұмыс істеу үшін 10 адамнан тұратын топ қалыптастыру көзделіп отыр. Оның ішінде 8 қазақ және 2 орыс тілді маман. Олар күн сайын, айына кемінде 10 материал жариялауға тиіс.
Одан бөлек, өңірлік баспасөз хатшыларының, журналистер мен блогерлердің қатысуымен әлеуметтік желіні тиімді пайдалану бойынша семинар ұйымдастыру және өткізу жоспарлануда. Кемінде 50 қатысушы болуы керек. Оларға әлеуметтік желіні тиімді пайдалануды үйрету үшін танымал блогерлер шақырылады. Оның іссапары, тоқтайтын жері және гонорары төленеді. Семинардың қалай өткені туралы БАҚ-қа хабарлау және ақпаратты әлеуметтік желілерге орналастыру көзделген.
Тағы бұл тапсырыс әлеуметтік желілер арқылы өңірдің жағымды имиджін қалыптастыру бойынша кемінде 4 интернет-акцияны қамтиды. Атап айтқанда, өңірдің жетістіктері туралы бейнеконкурс, Тәуелсіздіктің мәні туралы фотоконкурс, үздік блог-постқа конкурс, «Тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорда» үздік жарияланымдар конкурсын ұйымдастыру.
«Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында 5 туристік нысан бойынша блок-тур ұйымдастыру. Блок-турдың қорытындысы бойынша блогерлер бейнеролик дайындап, YouTube арқылы тарату ұйымдастырады» делінген тендер туралы ақпаратта.
«Блок-турда блогерлер екі тілде (кем дегенде 10 минут) видео түсіріп, оны Youtube желісінде таратуы керек. Туристік орындар мен әлеуметтік желі белсенділерінің тізімін тапсырыс берушімен алдын ала келіскеннен кейін жұмысты бастау қажет. Көлік, жол және басқа да шығындар төленеді» делінген тапсырыста.
Бұдан басқа, хронометражы кемінде 5 минут болатын 20 мәдени және рухани бейнеролик жасау жоспарлануда. Сондай-ақ, «ерекше тәрбиелік мәні бар спектакльдер қою» жоспаы да бар.
Тапсырыс Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық, индустриялық және инновациялық дамуы саласындағы танымал ұлттық және жергілікті сайттарда мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттық материалдарды жариялауды, өңірдің оң имиджін қалыптастыруды көздейді.