Қазақстандық жүргізушілер полицейге жеке куәлігінен басқа қандай құжат ұсына алады?

Автор: Azattyq Rýhy

Ішкі істер министрлігі жауап берді

Фото: ашық дереккөзден

13 ақпаннан бастап қазақстандықтарға көлік жүргізгенде тек жеке куәлігін алып жүрсе жеткілікті. Бүгін ІІМ қандай құжат түрлерінің жеке басты куәландыратын заңдық күші бар екенін айтты. Тізімде туу туралы куәлік те бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы Заңға сәйкес, оларға паспорт, оның ішінде қызметтік, шетелдік, дипломатиялық; шетелдік азаматтың Қазақстанда тұруға ықтиярхаты, қайту туралы куәлік, жол жүру құжаты, азаматтығы жоқ адамның, босқынның, теңізшінің куәлігі, туу туралы куәлік жатады.

Сонымен қатар, осы Заңның 7-бабына сәйкес, жеке басын куәландыратын құжатта азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, туған жері, азаматтығы, фотосуреті, құжатты берген органның атауы, берілген күні, құжаттың нөмірі, қолданылу мерзімі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл ретте туу туралы куәлік жеке куәлікті, паспортты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін немесе шетелдік паспортты алғанға дейін жеке басты куәландыратын құжат болып табылады», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Сонымен қатар, ол «қазақстандықтар жеке куәлігінің электрондық нұсқасын ұсына ала ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап берді.

«Қазір Цифрлық даму министрлігі мұндай цифрлық құжаттар сервистерін дамытып жатыр. Бірақ, жеке басын куәландыратын құжаттар туралы Заңға сәйкес, оларға тек материалдық нысандар ғана жатады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, цифрлық технологиялар бір орында тұрмайды, дамып отырады. Олардың құқықтық мәртебесі де өзгереді. Сондықтан алдағы уақытта цифрлық құжаттарды пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармаймыз», - деп уәде берді Түсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандықтарға өздерімен бірге көлік жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүрудің қажеті жоқ. Жүргізушілерде тек жеке куәлігі болуы керек.

Бұған дейін Қазақстанда жүргізуші құжаттарының бірі өзімен бірге жоқ болса, ескерту немесе 5 АЕК (13 225 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 13 ақпаннан бастап айыппұл төлеу жойылады.

Айта кетерлігі, жеке куәлікті ғана алып жүруге рұқсат етілгенімен, жүргізуші куәлігі мен техпаспортты беру жалғаса береді. Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 500 мыңға жуық жүргізуші куәлігі мен 1,5 миллионға жуық техпаспорт беріледі.

«Бұл құжаттар (жүргізуші куәлігі мен техпаспорттар) халықаралық қозғалысқа қатысу үшін және жүргізушілердің жұмысқа орналасқан кезде меншік құқығын және біліктілігін растау үшін қажет», - деді Серік Түсіпов.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан