Сағынтаев Үкімет басқару мен әкім болудың айырмашылығын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып, премьер-министрліктен қызметінен кейін әкім болудың айырмашылығы мен артықшылығы жайында айтты

фото: Батыржан Беспаев

Естеріңізге сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев 2016-2019 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарды. Одан кейін Мемлекет хатшысы, Президент әкімшілігінің басшысы болды. 2019 жылдың 28 маусымынан бері Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.

«Мен премьер-министрлікке дейін де әкім болдым (Павлодар облысында -авт). Әкім, одан кейін, премьер-министр, содан кейін қайтадан әкім болдым. Жалпы, кез келген қызметте шаршамай, ұйықтамай, шабыттана отырып жұмыс істеу керек. Қандай қызметте болсаң да, жан-тәніңді салып жұмыс істемесең, одан нәтиже шықпайды. Әркім өзіне жүктелген жауапкершілікті түсіне біліп, атқаруы керек», - дейді Сағынтаев.

Сондай-ақ қала мэрінің айтуынша, Үкімет басқарған жылдары жиған тәжірибесі қазір үлкен көмегін тигізіп жатыр екен.

«Мысалы, премьер-министрліктен кейін әкім болған кезде, мүмкіндік жоғары. Өйткені, көзқарас басқа, Қазақстан экономикасын білесің, шешім шығару қабілетің басқа, үлкен тәжірибе бар. Бес айдың ішінде «Жаңа Алматы», «Үлкен Алматы» және Алматыны дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспарлары құрылды, бұл үлкен тәжірибенің жемісі деп білемін» - дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан