Ирактағы балаларды Қазақстанға әкелуге 57 млн теңге кетті - СІМ
Бұл қаржының негізгі бөлігі балаларды қайтаруға арналған ұшақты жалдау үшін жұмсалған
ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер Ирактан қайтарылған балалармен қандай мамандар жұмыс жүргізіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«14 баланың 10-ы - мектепке әлі бармаған балалар. Төртеуі – оқушы. Сыртқы істер министрлігі БҒМ мен басқа да мемлекеттік органдардың көмегімен жасөспірімдерді қайтару жөнінде арнайы іс-әрекет жоспарын бекіткен болатын. Қазіргі таңда балалардың бәрі Нұр-Сұлтан қаласының өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында. Орталықта балалар үшін барлық жағдай жасалған. Медициналық персонал толық. Ас мәзірі, күн тәртібі түгел бекітілген. Балалармен әртүрлі саладағы мамандар жұмыс жүргізеді. Олардың ішінде психологтар, тәрбиешілер, мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлер бар», - дейді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі.
Раиса Шердің айтуынша, күні кеше Ирактан қайтарылған балаларды 15 дәрігер тексеріп, тиісті процедураларды өткізген.
«Балалар орталықта жүгіріп ойнап, өздерін жайлы сезіне бастады. Аналарымен бірге Иракта тұрған балалар еш жерде оқымаған. Ешқандай балабақша немесе мектепке бармаған. Сондықтан, екі күннің ішінде мамандар балалардың психологиялық жағдайын тексеріп, білімі мен дағдыларын бақылайды. Бірнеше күннен кейін әр баламен жеке жұмыс істейтін жеке жоспар әзірленеді. Барлық тиісті процедура жүргізілгеннен кейін балалардың бәрі туыстарына тапсырылады. Туыстары күні кеше оларды әуежайдан күтіп алған болатын», - деді ол.
Раиса Шер Ирактан келген балалардың ахуалы туралы айтты.
«Сириядан оралған балалар аналарымен бірге келді. Ал Ирактан келгендер ата-анасыз қайтты. Сондықтан, олар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатады. Сол себепті, біз тезірек барлық ұйымдастыру процедурасын жүргізіп, балаларды туған-туыстарына тапсыруға тырысамыз», - деді ол.
Министрдің кеңесшісі балалардың бәрі қоғамға бейімделгеннен кейін мектепке, балабақшаларға барып, жергілікті ауруханаларға тіркелетінін айтып өтті.
Ал Сыртқы істер министрі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Ирактан қайтқан балалар тілді жетік біледі деп айту қиын. Қазір оларға орталықта арнайы диагностика жүргізіледі. Жалпы, балалар қазақша да, орысша да түсінеді. Балалардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
«Біздің ресми деректерге сәйкес, Иракта Қазақстан балалары жоқ. Жалпы, операцияға 57 млн теңге жұмсалды. Бұл қаржының негізгі бөлігі балаларды қайтаруға арналған ұшақты жалдау үшін жұмсалған. Ал енді сауықтыру мәселесі де, басқа процедуралар да орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бюджетімен қаржыландырылады», - деді Ержан Ашықбаев.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала елге қайтарылған болатын.