Тәуелсіз экологтар қаладағы ластану нормалары әдеттегіден артып кеткенін айтып дабыл қағып жүр
Алматының экологиялық жағдайы туралы қоғамда наразылық күшеймесе, басылар емес. Қоғам белсенділері және әлеуметтік желі қолданушылары шаһардың ауасы күн санап ластынып жатқанын, тәуелсіз экологтар ластану нормалары әдеттегіден артып кеткенін айтып дабыл қағып жүр. Бүгін Алматыда Жаңа экологиялық кодекс нормаларын түсіндіру бойынша ауқымды жиын өтті.
ЖЭО-2 кешенін басқарушы компания «АлЭС» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Мұхамед-Рақымов жылу электр станциясы газға 2025 жылға дейін көшіп бітеді деп мәлімдеді. Бұған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ЖЭС-ін қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалғанын хабарлаған еді. Министрдің айтуынша, жылу электр орталығын экологиялық таза отынға ауыстыру құны 98 млрд теңге деп бағаланған.
«Алматы қаласы бірнеше жылдан бері республиканың ең ластанған қалаларының тізіміне енген. Ластану жылу көздерінен шығатын шығарындылардан туындайды, бұған ЖЭО-2 және ЖЭО-3, жеке тұрғын үйлер және жол кептелісі жатады. Осы проблемаларды шешу үшін 2020 жылғы тамызда Үкімет қаланың экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешудің Жол картасын бекітті», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Алматы қаласының экологиялық жағдайы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2019 жылы ауаға тарайтын шығарындылардың көрсеткіші 144 мың тонна болды. Оның ішінде автортранспорт үлесі - 51%, ЖЭС (ТЭЦ-1,2,3)- 35%, ал қалған 15%-ы жеке секторлар, яғни баспаналарын көмірмен жылытатын тұрғын үйлердің еншісінде. Осының ішінде ЖЭО-2 (ТЭЦ-2 – ред.) мазут пен көмірдің қалдықтарынан шығатын қалдықтың ауаны ластау көрсеткіші қатты алаңдатады. Қазір жылына 37 мың тонна шығарынды ауаға тарайды.
Биыл экология министрлігі Өтеген батыр кентіндегі ЖЭО-3 кешенін де қаладағы экологиялық ахуалға кері әсер ететін фактор ретінде қарастырып отыр. Экологтар Алматы агломерациясында орналасқан (Алматы облысы Іле ауданы) жылу электр орталығы 11,7 мың тонна, яғни бүкіл шығарындының 8%-ын құрап отырғанын айтады. Алдағы уақытта бұл кешен де экологиялық таза отынға ауыстырылуы мүмкін.
«Табиғи газды қолданыстағы қазандықтарға жағуға арналған ЖЭО-2-ді қайта құру ЖЭО шығарындыларын 83% төмендетеді, ал күкірт диоксиді және күл шаңы сияқты улы заттар мүлдем жоғалады. Алматы облысында орналасқан ЖЭО-3 бойынша да осындай шешімдер қажет, олардың шығарындылары Алматының әуе бассейніне 8% - ға әсер етеді», - дейді министр Мағзұм Мырзағалиев.
Вице-министр Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс экологиялық реформаларға жол ашады. Кәсіпорындарды таңдамалы қолжетімді технологияға сатылап көшіру алдағы он жылда экологиялық тиімділікті көрсетеді. Экологиялық технологияға жетілдірген кәсіпорындарға эмиссиялық жеңілдіктер берілмек. Егер өндіріс орындары таңдамалы қолжетімді технологияға (НДТ) көшпесе, эмиссия керісінше арта түседі: 2025 жылдан бастап 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, ал 2031 жылдан кейін 8 есеге өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ТЭЦ-2 кешенін жаңғыртудың төрт нұсқасы ұсынылды
Бүгін жиынға келген қоғам белсенділері экологиялық кодексте ескерілмеген кейбір мәселелерді көтерді. Олардың қатарында Алматы қаласында жасыл желекті кесіп, оған айыппұл төлеумен құтылатын түсініктен арылу, жеке сектор тұрғындарының қоқысты немесе ағаш жапырақтарын өртеуге байланысты жазаны қатаңдату, ТЭЦ-2 кешенін газға емес, көмірде қалдырып, оның орнына технологияны жаңарту сияқты ұсыныстар айтылды.
ЖЭО-2 кешенін көмірмен жылыту мәселесіне қатысты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфхар Жолдасов жауап берді. Ол журналистерге берген сұхбатында экологиялық апат алдында тұрған жылу электр станциясын қатты отынмен ұстап тұру экологиялық тұрғыдан ғана емес экономикалық-қаржылық тұрғыдан да тиімсіз екенін айтады. Кешенді газға көшіру үшін 98 млрд теңге жұмсалады, ал оны көмірмен ұстап тұру үшін 150 млрд теңгеден астам қаржы керек екенін мәлімдеді.
Алматыдағы ЖЭО-2 көмірмен және мазутпен жұмыс істейді. Қаланы жылумен және электр энергиясмен қамтамасыз ететін орталық 1989 жылы пайдаланылуға берілген. Осы орталықты табиғи газға көшіру туралы бастама 2011 жылдан бері талқыланып келеді. Қазір нысан «Самұрық Энерго» компаниясына бағынышты «АлЭС» акционерлік қоғамына қарайды. Жылу электр орталығы шаһардағы 7000 қоғамдық және әлеуметтік нысандар және 20 кәсіпорынды қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, 2021 жылғы 2 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекет Басшысы Экологиялық кодекске қол қойды. Соңғы екі жыл ішінде Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Экологиялық кодекс Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің халықаралық тәжірибесі негізінде әзірленді. Экологиялық кодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеу сияқты бүкіл қоғамның мүдделеріне әсер етуімен маңызды, делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы