Нұр-Сұлтанда жаяу жүргіншілерге арналған проекциялық өткел іске қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандандырылған жарықтандыру Қабанбай батыр даңғылы мен Атасу көшесінің қиылысында орнатылды

фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласында жаяу жүргіншілер өткелін проекциялық жарықтандырудың сынақ жобасы іске қосылды. Учаске жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар тармақтарын орындау аясында таңдалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Мамандандырылған жарықтандыру Қабанбай батыр даңғылы мен Атасу көшесінің қиылысында орнатылды. Бұл жерде жол қозғалысының ауқымдылығы айтарлықтай байқалады.

Таңдалған орын қараңғыда үш жарықдиодты проектордың арқасында ерекше көзге түседі. Ауа райының кез келген түрінде автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер жолда ақ-сары жаяу жүргіншілер зебрасын анық көре алады.

«Егер жарықтандырудың бұл түрі өзінің тиімділігі мен сенімділігін көрсетсе, технология қалада авариялық қауіпті болып саналатын жол учаскелерінде қолданысқа енгізілуі қарастырылатын болады», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасында.