Жалпы, елордада 6300 медицина қызметкері вакцинациядан өтеді
Елордада 145 медицина қызметкері коронавиурстық инфекцияға қарсы вакцинацияланды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Бірінші кезеңде екпе алушылардың алғашқылары болып қалалық ауруханалардың, қаланың жұқпалы аурулар орталығының қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері болды.
«Вакцинациядан кейін ешбір жерім мазалаған жоқ: бастың айналуы немесе жүрек айнуы байқалған жоқ. Мен өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Екпе салдыртуды шешкен себебім, өйткені мен пациенттермен тығыз жұмыс істеймін, түрлі қоңырауларға шығамын», - деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.
«Күніне 250-ге дейін адам жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен суық тию белгілерімен келеді. Бірақ тест жүргізілгенге дейін, кейбіреулерінде коронавирустық инфекция жоқ деп нақты айту мүмкін емес. Вакцинация, ең алдымен, мені ауырып қалудан қорғайды. Қазір вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезінемін», - дейді Қалалық №9 емхананың сүзгі-кабинетінің дәрігері Қайнар Фархадұлы.
Жалпы, елордада 6300 медицина қызметкері КВИ инфекциясына қарсы вакцинациядан өтеді. Тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалғанын атап өтеміз.
Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 2 кезеңмен жүзеге асырылады, алдымен бірінші компонент 0,5 мл мөлшерінде, содан кейін екінші компонент сол дозада 0,5 мл (21 - 42 күннен кейін) салынады. 21 күннен кейін вакцинация алғандарды екінші кезеңге шақырады.