8 460 өтініш тексеруден сәтті өтті
2021 жылғы 30 қаңтарда Үкіметтің 2021 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен бекітілген Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидалары күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы күннен кейінгі бірінші жұмыс күні, 2021 жылғы 1 ақпанда БЖЗҚ «Отбасы банкі» АҚ уәкілетті операторынан қорға 25 қаңтарда келіп түскен өтініштер бойынша төлем жүргізуді бастады. Жинақтарды уәкілетті операторға аудару уәкілетті оператордан БЖЗҚ-ға салымшының өтініші келіп түскеннен кейінгі 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады», – деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қаңтарда, яғни «Отбасы банкі» АҚ-дан өтініштер түскен алғашқы күні жалпы сомасы шамамен 49,2 млрд теңгеге 8 460 өтініш (немесе берілген өтініштердің жалпы санының 82%) тексеруден сәтті өтті. Дәл осы сома «Отбасы банкі» АҚ-ға салымшылардың арнайы шоттарына одан әрі мақсатты пайдалану үшін аударылды.
«Азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және арнайы шотқа ақша түскеннен кейін осы мәселелер бойынша БЖЗҚ-ға жекелеген өтініштер талап етілмейді», – делінген хабарламада.