Күдікті ретінде танылған теміржолшы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Апатқа күдікті ретінде танылған Досбатыр Ахметжановтың қылмысы дәлелденсе, теміржолшы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бірақ, алпысты алқымдаған қарапайым теміржолшының еш кінәсі жоқ деген адвокат Шамиян Жайылханов, тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Айтуынша, автоматты түрде жұмыс істейтін өткелде түрған кезекші апаттың алдын алуға барынша тырысқан. Алайда, ескертпені автобус жүргізушісі де, пойызды басқарған машинист те тыңдамаған.
«Пойыз 1,5-2 шақырым жақындағанда арнайы жүйе автоматты түрде дабыл береді. Қоңыраудан кейін 10-15 секундта тосқауыл жабылады. Мұның бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Адамның араласуынсыз. Автобустың жолаушылары бағдаршам көздерінің жыпылықтап тұрғанын айтты. Сол кезде автобус жүргізушісі тыйым салынғанына қарамастан темір жолға шығып кеткен. Өтуге әлі де уақыт бар деп ойлаған болуы керек. Кезекші өз жұмысын нұсқауға сәйкес істеген. Пойыздың шұғыл тоқтауы үшін де белгі берген. Көлік және коммуникация академиясының жасаған қортындысы бойынша, машинистер оқиғаны екі шақырым жерден көріп, апаттың алдын алуға болады»,- дейді адвокат Шамиян Жайылханов.
Қорғаушының пайымдауынша, жүргізуші автобустан дер кезінде шыға алмаған. Оған ескі автобус есігінің жылдам ашылып-жабылмауы да себеп болуы мүмкін. Тергеу ісінің аяқталғанын айтқан адвокат, жоғарыдағы мәселелерді дәлелдеудің қиын екенін де мойындады.
Шамалғандағы қанды оқиғаның жай-жапсарымен екі айдан бері Көліктегі полиция департаменті айналысты. Екі күдіктінің бірі – Досбатыр Ахметжановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 344- бабы (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) 2-бөлігімен (Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет) іс қозғалған.
18 жылын осы өткелде сарп еткен кезекші Ахметжановтың кінәсі дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әдеттегідей әлсізді айыптау болып кетпесін деп күдіктенген қорғаушы тергеу ісін таныстыруға жібермей, сараптамаларды қайта жасау керек деп санайды. Шамиян Жайылхановтың сөзінше, апаттан зардап шегушілер өткел кезекшісінен қомақты сома, яғни 9 миллион теңгеге жуық ақша өндіріп алмақ. Ал, адвокат қорғауындағы азаматтың кінәсіз екендігін сотта толықтай дәлелдеймін деп отыр.
Оқи отырыңыз: Аяғың сынса да секір! – автобус жүргізушісінің әйелі Шамалғандағы көлік апаты жайлы
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы