Кеңес мәжілісінде ғарышты игеру және дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша 18 өзекті мәселе қаралды
27 қаңтар күні Бағдат Мусиннің басшылығымен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің делегациясы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салалық ынтымақтастық органы саналатын Ғарыш жөніндегі мемлекетаралық кеңестің екінші мәжілісіне қатысты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжілісте ғарышты игеру және дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша 18 өзекті мәселе қаралды. Қазақстан мәжіліске қатысушыларға Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің, геоақпараттық технологиялардың және спутниктік навигацияның деректерін қолдану негізінде экономика салаларын цифрландыру мәселелеріндегі өз тәжірибесін ұсынды.
Сондай-ақ, тараптар Қазақстандағы құрастыру-сынау кешенінің базасында оптикалық және телекоммуникациялық спутниктер құру, 3 ғарыш аппаратынан тұратын орта шешімді ЖҚЗ қазақстандық спутниктік топтамасын құру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылады.
«Мәжіліс шеңберінде ТМД Атқарушы комитетінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеңестің 2021 жылға арналған төрағасы болып сайланды», - делінген ведомство хабарламасында.
Мәжіліс қорытындысы бойынша Кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Тараптар отырыстың күн тәртібі уақтылы болғанын және оның барысында қабылданған шешімдер ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғарыш қызметі саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін кеңейтуге және арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кеңес мәжілісі ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы ТМД конвенциясы және 2018 жылы қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы бірлескен қызметін жүзеге асыру туралы Келісім шеңберінде өткізіледі.
Мәжіліске Қазақстан Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Беларусь Республикасынан, Өзбекстан Республикасынан және Тәжікстан Республикасынан кеңес мүшелері, ТМД Атқарушы комитетінің, Ресей СІМ және Ресей ынтымақтастық өкілдері қатысты. Армения Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының өкілдері кеңес мәжілісінде бақылаушылар ретінде қатысты. Кеңестің онлайн мәжілісіне Қазақстанның ғарыш саласы кәсіпорындарының басшылары да қатысты.
Кеңестің кезекті мәжілісін өткізу Ресей Федерациясында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.