«Қасым хан» тарихи жобасынан ақша жымқырған экс-директор 2 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның тарихи сериал түсірілімінде 30 миллион теңгеге жуық қаражат ұрлағаны дәлелденді

көрнекі сурет

Қаржы мониторингі комитеті Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Қазақфильм» АҚ-тың «Қасым хан» киножобасы филиалының директоры К.С. Ахметовке және басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында қызметтік жағдайын пайдалана отырып, «Қасым хан» тарихи сериалының түсірілімінде қолдану үшін пиротехника сатып алуға бөлінген 29,9 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұрланғаны дәлелденді. «Қазақфильм» АҚ-қа келтірілген залал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде толық көлемде өтелген.

Сот айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, «Қасым хан» киножобасының бұрынғы директорын екі жылға бас бостандығынан айыру, ал іске қатысы бар екі қызметкерге үш жылға дейінгі мерзімде бостандығын шектеу, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 16 маусымында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 75 бөлімнен тұратын «Қасым хан» сериалы түсірілетінін мәлімдеді.