Тоқаев Жақсыдағы спорт мектебін аралап көрді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол секцияларында спортпен шұғылданады

akorda.kz

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары аясында Жақсы ауданындағы жеке спорт мектебін аралап көрді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстан Президентіне күрес, бокс және футбол спортына арналған залдар көрсетілді. Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол секцияларында спортпен шұғылданады. Бұл спорт мектебі өз тарихында 4800 спортшыны, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап шығарды», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында ауылдағы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында егістік алқабын аралап, «Айбат» ЖШС-нің егін жинау науқанының барысымен танысты.

Қазақстан Президентіне облыстың әлеуметтік-экономикалық  дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәнді және майлы дақылдардың жаңа сорттары көрсетілді.

Мемлекет басшысы Жақсы ауылындағы «Урожай» ЖШС-нің агроөнеркәсіп кешенінде де болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның қызметі, диірмен кешенінің, элеватордың, комбикорм зауытының және нан-тоқаш өнімдерін шығару жөніндегі өндіріс нысандарының жұмысы туралы мәлімет берілді.

Қазақстан Президентіне  агрокәсіпорнында қуаты жөнінен жылына 12000 тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ дайын өнімнің үлгілері көрсетілді.