Коронавирусқа қарсы вакцинация міндетті ме және балаларға егіле ме – министрлік жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар COVID-19-ға қарсы екпеге қатысты қазақстандықтарды алаңдатқан маңызды сұрақтарға жауап берді 

Фото: medvestnik.ru

ҚР Үкіметі жанындағы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елімізде вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме, балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме, сондай-ақ, бір вакцинацияның құны қанша деген сынды көпшілікті мазалаған өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

- Қазақстанда вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме?

- Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

- Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?

- 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.

- Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?

- Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавиустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.

Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері вакцинациялаумен қамтылады. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.

Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

- Вакцинация ақылы бола ма? Бір вакцинацияның құны қанша?

- Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

- Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?

- Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кез-келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.

- Адамда коронавирустық вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?

- Медицина қызметкерлері кез-келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әр-түрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

- Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп-қарау жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?

- Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.  

- Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

- «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды, сәйкесінше, оны тек ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады.