2020 жылы Бішкекте Абайға ескерткіш орнатылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен  өткен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің отырысында белгілі болды

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды. 

«Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет. 

«Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті маңызды жетістік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық шарт мен келісімдердің шарттық-құқықтық базасына назар аударды. 

«Қазақстанның екіжақты қатынастарының мұндай жан-жақты институционалдығы өзге ешбір мемлекетпен жасалмаған », – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті. Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты. 

«Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды», – деді Қазақстан Президенті.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыстарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті. Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Мемлекет басшысы екі елдің көпжақты құрылымдар аясындағы табысты ықпалдастығын және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде көзқарастардың ортақ екенін атап өтті.