Қалада мүлік салығын төлемейтіндер көп
Салыққа салғырт қарайтын тұрғындар енді көлігінен айрылады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Мемлекет алдындағы қарызын өтеуге асықпайтындар арасында автожүргізушілердің үлесі басым. Енді оларды салықшылар жол бойынан «аулаймыз» деп отыр.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салықты төлеткізу үшін көмекке Полиция департаменті мен жеке сот орындаушыларын шақырған.
«Жаңа жылды салықсыз қарсы аламыз» атты шараны бастаған департамент өкілдері Алматыда 156 мың 761 борышкердің бар екенін айтады. Бұлардың бәрі тек мүлік, жер және көлік үшін мемлекетке міндетті салықты төлемей жүрген жеке тұрғындар. Олардың қарызы 4,3 миллиард теңгеден асып кеткен. Берешектің 84,8%-ы көлік құралдарына тиесілі. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері салықты жылдам төлеткізу үшін жүргізушілердің көлігін айыппұл тұрағына әкетіп жатыр.
«Іс-шара басталғалы екі күн болды. Әзірге борышкер отырған бірде-бір көлік ұсталған жоқ. Борышкерлердің қай жерде жүргенін камералардан қараймыз. Полиция бекетінен, көшеден тоқтатамыз. Үйінің тұсынан аңдимыз. Үйіне кіруге құқымыз жоқ. Салықты төлемеген жүргізуші негізгі қарызынан бөлек жеке сот орындаушысының пайыздық ақысын да төлеуге міндетті», - деді Алматы қаласы бойынша МКД бөлім басшысы Айжан Бекеева.
Қарызды мәжбүрлі жолмен қайтару шарасы жыл соңына дейін жалғасады. Ал жүргізушілер оған дейін негізгі салығын төлесе өсімпұлдан құтылады. Салықтық рақымшылық жасау мерзімі биыл 31 желтоқсанда аяқталады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.