Өткен жылы карантин талаптарын бұзудың 27 мыңнан астам фактісі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бір жылда елде 2,2 млрд.теңге сомасына айыппұл салу туралы 27 мың қаулы шығарылды

Фото: ашық дереккөзден

Пандемия, карантиндік шектеулер енгізу және санитарлық талаптарды қатаңдату кезеңінде елдің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері анықтаған құқық бұзушылықтар саны артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау саласы бойынша барлығы 3,6 млрд.теңге сомасына айыппұл салу туралы 37 мыңға жуық қаулы шығарылды, оның ішінде құқық бұзушылар 3 млрд. теңге төледі.

Олардың ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптарды бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 425-бабы) карантиндік іс-шараларды бұзумен байланысты құқық бұзушылықтар үшін 2020 жылы елде 2,2 млрд.теңге сомасына айыппұл салу туралы 27 мың қаулы шығарылды, оның ішінде 1,4 млрд. теңге өндіріліп алынды.

Осындай айыппұлдардың көпшілігі Түркістан облысында – 5 014, Алматы қаласында – 4775 және Шығыс Қазақстан облысында – 1 831 салынған.

Олардың ең аз саны Маңғыстау – 204, Павлодар – 523 және Жамбыл – 590 облыстарында тіркелген.

Маскалық режимді бұзғаны үшін 15 613 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, Алматы қаласы (4 434), Түркістан (4 009) және Шығыс Қазақстан (1 126) облыстары көш бастап тұр.